«SEMEYCEMENT» КОМПАНИЯСЫ 65 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТТІ

02.12.2023 в 09:33

20 қазанда «Семей цемент зауыты» ӨК» ЖШС-нің дүбірлі мерейтойы мерейлі өтті. Құрылғанына 65 жыл болған зауыт даму кезеңдерінің барлығын басынан өткеріп, өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша жетекші орынға ие. Бүгінде зауыт бай тарихымен, үлкен тәжірибесімен және компанияның ең құнды капиталы болып табылатын жұмыс күшімен мақтанады.

SemeyCement өнімі халықаралық нарықта жоғары бағаланады. Зауыттың торқалы тойына республикамыздың түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Өзбекстаннан, Татарстаннан, Ресейден, Германиядан, Қытайдан көптеген қонақтар келді.

Мерейтойда айтылған құттықтаулар мен алғыстардың барлығы зауыттың өндіріс саласындағы орнына берілген жоғары баға ғана емес, тарихпен сабақтастықты үзбей құнды мұраны сақтап, өркендетіп отырған бүгінгі цеменшілердің ерен еңбегін бағалау деп білеміз.

Көшбасшыға айналған зауыттың 65 жылдық мерейтойын абыроймен кең көлемде атап өту мақсатында үлкен дайындық ертерек басталып кеткен болатын. Мерейтой қарсаңында көптеген жұмыстарды жүзеге асыру үшін ауқымды шаралар ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара зауыт аумағын көгалдандыру мақсатында «Өз ағашыңды отырғыз» салтанатты митинг-акциясымен басталып, оған серіктестіктің құрылтайшылары, зауыт басшылығы және құрметті қонақтар қатысты.

   

Салтанатты жиыннан кейін жаңа Gebr.Pfeiffer роликті цемент диірменінің алғашқы және ресми іске қосылуы өтті, оның өндірістік қуаты 150-200 т/сағ және бұрыннан ескірген шар диірмендерінің орнын басатын болады. Одан кейін немістің Haver&Boecker компаниясының №3 жаңа бірегей орау желісінің іске қосылуы өтті.

«Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің қабырғасында өткен кешкі ауқымды, салтанатты шара шымылдығы тарихы тереңнен бой алған кәсіпорынның құрылуы мен қалыптасу тарихының мазмұнды видео сюжеттерімен басталып, «Семей цемент зауыты» ӨК» ЖШС бас директоры Тимур Тлеубаевтың «SemeyCement: Территория сильных» кітабының тұсауы кесілді. Еңбегі мен бірлігі жарасқан кәсіпорынның дамуына үлес қосқан үздіктер марапатталды. Іс-шара барысында зауыт қызметкерлері, сондай-ақ құрметті қонақтар мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің құттықтау сөздері тыңдалды.

Мерекелік кеште қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Роза Рымбаева, Raim, Айқын, Қазыбек Құрайыштардың қатысуымен концерт өтіп, мерейтой қонақтарына тамаша көңіл күй мен қатар рухани демалыс сыйлады.

   

Бүгінгі күні зауыт өзінің жетістіктерімен, инновациялық технологияларымен және маңызды экономикалық көрсеткіштерімен мақтана алады. Бұл жеңіс үшін зауыт жұмысшылары – басшылық ұжым, зауыт жұмысшылары, өз ісінің нағыз шеберлері орасан зор рөл атқарды.

Ал ендігң кезекте зауыт алдында неғұрлым заманауи технологиялық деңгейге көтерілу, жоғары бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету және жаңа өнімдерді өндіру мен өткізу көлемін арттыру міндеті тұр.